Қазақстанда бұқаралық ақпарат құралдары мен онлайн-платформалардың қызметін жетілдіруге, сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен ар-намысын қорғауға бағытталған жаңа заң жобасы талқыланып жатыр. Құжат Құрылтай отырысында бірінші оқылымда қаралуда.
Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаевтың айтуынша, қазіргі уақытта әлеуметтік желілерде жалған ақпарат пен жала жабудың таралу қаупі жоғары. Осыған байланысты масс-медиа пен онлайн-платформаларда балағат сөздер қолданғаны және жала жапқаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізу ұсынылып отыр. Сондай-ақ теріске шығару ақпарат тараған сол көзде – әлеуметтік желілерде де міндетті түрде орналастырылуы тиіс.
Заң жобасында азаматтардың жеке өмірі мен бейнесін қорғау мәселелері де нақтыланған. Ашық көздерде жарияланған фото және видео материалдарды оның иесі тыйым салмаған жағдайда ғана пайдалануға жол беріледі. Сонымен қатар жеке және отбасылық өмірге қатысты мәліметтердің қызметтік іске жатпайтыны заңнамалық деңгейде бекітілмек.
Бұдан бөлек, құжатта мемлекеттік органдардың ресми ұстанымы мен журналистік материалды ажырату үшін мемлекеттік органдардың жауаптарына арнайы белгі қою талабы қарастырылған. Сонымен қатар білім беру курстарын ұсынатын тұлғалардың кәсіби білімінің бар-жоғын және оккульттік қызметтердің сипатын анықтау мәселелері де реттелмек.