Басты жаңалықтар

Ресейде Ан-12 ұшағы апатқа ұшырады: Борттағы 19 адамның барлығы қаза тапты

Редакция 18 қараша 2026, 10:07
Ресейде Ан-12 ұшағы апатқа ұшырады: Борттағы 19 адамның барлығы қаза тапты Сурет авторы: ТАСС

Ресейдің Кемеров облысында әскери-көлік бағытындағы Ан-12 ұшағы апатқа ұшырады. Қайғылы оқиға салдарынан борттағы 19 адам түгел қаза тапты. ТАСС агенттігінің РФ Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап хабарлауынша, бұған техникалық ақау себеп болуы мүмкін.

Авиаапат 17 қараша күні Кемеров облысындағы Ягуново ауылының маңында орын алды. Ресейлік әскери ведомствоның мәліметінше, ұшақ жоспарлы рейсті орындау кезінде елсіз аумаққа құлаған.

«Бортта экипаж мүшелерімен қоса 19 адам болды, олардың барлығы қаза тапты», - деп хабарлады РФ Қорғаныс министрлігі.

Оқиға орнына Кемерово облысының губернаторы Илья Середюк шұғыл жетіп, апат аймағында жедел штаб құрылды. Қазіргі уақытта бұл жерге құтқарушылар, дәрігерлер мен құқық қорғау органдары тартылып, аумақ қоршауға алынды. Мамандар ұшақ сынықтарын мұқият зерттей бастады.

Ресей Қорғаныс министрлігінің ақпараты бойынша, Ан-12 апатына техникалық ақау түрткі болуы ықтимал. Алайда нақты қорытынды тек толық тексеруден кейін белгілі болады.

Мән-жайды анықтау үшін оқиға орнына РФ Әуе-ғарыш күштерінің арнайы комиссиясы жіберілді. Сонымен қатар, Ресей Тергеу комитетінің Бас әскери тергеу басқармасы бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғады. Тергеушілер апаттың нақты себептерін анықтап, ұшу қауіпсіздігі ережелерінің сақталуын тексеріп жатыр.

Жарнама