Басты жаңалықтар

Кітап оқып, 600 мың теңге ұтып ал: Астанадағы басты зияткерлік бәйгенің көшбасшылары белгілі болды

Редакция 17 қараша 2026, 09:51
Кітап оқып, 600 мың теңге ұтып ал: Астанадағы басты зияткерлік бәйгенің көшбасшылары белгілі болды Сурет авторы: Акимат Астаны

Елордада «Оқитын ұлт» республикалық кітап марафоны қыза түсті. Қазірдің өзінде 127 мыңға жуық астаналық үздік оқырман атағы мен қомақты қаржылай сыйақы үшін бақ сынап жатыр. Астана әкімдігінің мәліметінше, қатысушылар 100 мыңға жуық туындыны оқып үлгерген.

16 қарашадағы ресми дерек бойынша, бәйгеге 126 926 қала тұрғыны тіркелген. Олардың қатарында мектеп оқушылары, студенттер, ұстаздар мен мемлекеттік қызметкерлер бар. Қатысушылар оқыған кітаптарына пікір жазып, арнайы ұпай жинайды. Бүгінде модерациядан 93 768 пікір сәтті өткен.

Марафондағы ең белсенді топ - мектеп оқушылары. «Оқитын мектеп» бағытына 50 566 оқушы тіркеліп, 37 751 пікір қалдырған. Сондай-ақ ЖОО студенттері арасынан 21 640 адам, ал колледждерден 20 632 білім алушы жарысқа қосылды. Ұстаздар қауымы да қалыс қалмауда: 10 447 педагог 17 мыңнан астам пікір жариялап, белсенділік танытып отыр.

Айта кетерлігі, жобаға 3 жыл ішінде 800-ден астам кітап оқып, 100-ге жуық өлең жазған астаналық 11-сынып оқушысы Батыр Балтабеков те қатысуда. Ол қазірдің өзінде марафон аясында бірнеше кітапты тауысып, пікірлерін жариялап үлгерген.

2026 жылдың қыркүйегінде басталған марафон 2027 жылдың сәуіріне дейін жалғасады. Қатысушылар қазақ және орыс тілді лигаларда, жеті түрлі бағыт бойынша сынға түседі. Шарт бойынша әр адам отандық және шетелдік авторлардың 330 үздік туындысы енген тізімнен 15 кітап оқып, жеке кабинетінде қысқаша пікір қалдыруы тиіс.

Өңірлік кезең жеңімпаздарын қомақты ақшалай сыйлық күтіп тұр:

  • 1-орын - 600 000 теңге;

  • 2-орын - 450 000 теңге;

  • 3-орын - 300 000 теңге.

Кітап оқу кезеңі 2027 жылдың 9 наурызында аяқталады. Одан кейін үздіктерді тестілеу мен зияткерлік квиздер күтіп тұр. Ақтық сын наурыз-сәуір айларында өтеді.

Жарнама