Еліміздегі екі ірі банк мектеп оқушыларын ынталандыру мақсатында жоғары баға алғаны үшін арнайы кешбэк төлеп келеді. Тікелей оқушының картасына аударылатын бұл қаржыны балалар өз қалауынша жарата алады. Алайда қоғам арасында мұндай ақшалай сыйақының шариғат талаптарына қаншалықты сәйкес келетініне қатысты сұрақтар туындауда.
Kazislam.kz порталының мәліметіне сүйенсек, оқушының үздік үлгерімі үшін берілетін ақшалай марапат Ислам дінінде рұқсат етілген, яғни халал болып есептеледі. Дін мамандарының түсіндіруінше, бұл – баланың нақты еңбегі мен білімдегі жетістігі үшін алдын ала уәде етілген ынталандыру сыйақысы. Оқушы бұл қаржыны алу үшін өзі ешқандай ақша салмайтындықтан және тәуекелге бармайтындықтан, мұндай төлем құмар ойынға да, өсімқорлыққа да жатпайды.
Дегенмен бұл қаржының адал болуы үшін маңызды шарт орындалуы тиіс. Оқушы жоғары бағаны шпаргалка қолданбай, біреуден көшірмей және мұғалімді алдамай, тек өз білімімен алуы қажет. Ислам қағидалары бойынша қулықпен алынған баға біреудің мүлкін алдап иемденумен теңестіріледі, сондықтан ондай жолмен келген кешбэктің адалдығына күмән келтіріледі.
Сонымен қатар бала картаға түскен қаражатты кітап, кеңсе тауарлары, азық-түлік, киім-кешек алуға немесе шариғатқа қайшы келмейтін пайдалы дүниелерге жұмсауы керек. Қорыта айтқанда, адал еңбекпен алынған бағаның сыйақысын жаратуға діни тұрғыдан ешқандай тыйым жоқ.