Басты жаңалықтар

Жұмыстағы бейәдеп әзілдің соңы темір торға әкелуі мүмкін: Өзбекстан президенті жаңа заңға қол қойды

Редакция 18 қараша 2026, 10:00
Жұмыстағы бейәдеп әзілдің соңы темір торға әкелуі мүмкін: Өзбекстан президенті жаңа заңға қол қойды Сурет авторы: effect.uz

Өзбекстанда жұмыс орнында жыныстық сипаттағы қысым көрсетуге (харассментке) заң жүзінде ресми түрде тыйым салынды. Ел президенті Шавкат Мирзиёев Еңбек кодексіне тиісті түзетулер енгізу туралы құжатқа қол қойды. Жаңа талап бойынша, енді жұмыс берушілер ұжым ішінде мұндай келеңсіздіктердің алдын алуға тікелей міндетті.

Gazeta.uz басылымының мәліметінше, 13 қарашадан бастап күшіне енген заң аясында Еңбек кодексіне арнайы 8-1-бап қосылған. Құжатқа сәйкес, адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлайтын, қалауынан тыс жасалған кез келген жыныстық сипаттағы әрекет қысым көрсету болып есептеледі. Оның қатарына мыналар жатады:

  • Адамның сырт келбетіне немесе дене бітіміне қатысты айтылған бейәдеп сөздер;

  • Жыныстық сипаттағы түрлі ишаралар мен ымдар;

  • Қарсы тараптың келісімінсіз қол тигізу, жанасу;

  • Жыныстық қатынасқа итермелейтін ұсыныстар мен шақырулар.

Бұдан былай әрбір мекеме басшысы қызметкерлері үшін осындай әрекеттерден ада, қауіпсіз еңбек ортасын қалыптастыруға тиіс.

Айта кетейік, көрші елде жыныстық қысым көрсеткендерге әкімшілік жауапкершілік 2023 жылдың сәуірінен бастап енгізілген болатын. Егер қызметкер бірінші рет өрескел әрекетке барса немесе мұндай қылықты бірнеше рет қайталаса, оған 2-ден 5 базалық есептік шамаға дейін айыппұл салынады немесе 5 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынады. Ал жазаға тартылғаннан кейін бір жыл ішінде заңбұзушылық қайталанса, айыппұл көлемі 5-тен 7 есептік шамаға дейін өсіп, тәртіп бұзушы 15 тәулікке дейін темір торға тоғытылады.

Жарнама