Астанада Жеңіс күніне орай даңқты ұшқыш, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдиновтің ескерткішіне гүл шоқтары қойылды.

Салтанатты рәсімге Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов қатысып, батыр рухына тағзым етті. Іс-шараға Парламент депутаттары, ардагерлер ұйымдарының өкілдері мен елорда тұрғындары жиналды. Қатысушылар майданда қаза тапқан жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алып, соғыс және тыл ардагерлеріне құрмет көрсетті.
Талғат Жақыпбекұлы – қазақ халқының мақтанышына айналған аңыз тұлға. Ол соғыс жылдары 305 рет әскери әуе шабуылына шығып, теңдессіз ерлігімен тарихта қалды. Даңқты ұшқыш кейін авиация генерал-майоры атанып, үш мәрте КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланған.
Бүгінде батыр есімі ел жадында мәңгі сақталып, Астана қаласындағы ескерткіші ерлік пен отансүйгіштіктің символына айналған.
Дулат Абдраманов