«Қазгидромет» синоптиктері ел аумағында осыған дейін болмаған аптап ыстық тіркелгенін хабарлады. Өткен шілде айында еліміздің басым бөлігінде ауа температурасы климаттық нормадан 1-4 градусқа жоғары болды.
Шымкентте аптап ыстық рекордтық +45,2 градусқа дейін көтеріліп, 1915 жылғы 16-17 шілдеде орнаған көрсеткіштерді (+41,1 және +40,1 градус) тас-талқан етті. Мұндай аптап ыстық басқа өңірлерде де байқалды:
-
Алматыда 16-20 шілде аралығында қатарынан төрт температурлық рекорд жаңарды: 16 шілдеде +38, 17 шілдеде +39,2, 18 шілдеде +40 және 20 шілдеде термометр бағаны +41,5 градусқа дейін жетті.
-
Түркістанда 18 шілдеде ауа райы +47,6 градусқа дейін ысып, 2019 жылғы рекордты (+43,7 градус) жаңартты.
-
Астанада 14 шілдеде +38,6 градус, Өскеменде 16 шілдеде +39,7 градус, ал Қызылордада 17 шілдеде +45,2 градус аномальді ыстық тіркелді.
Сонымен қатар шілде айы тек жоғары температуралық көрсеткіштерімен ғана емес, сонымен бірге кейбір өңірлерде түскен жауын-шашын көлемімен де ерекшеленді. Елдің жекелеген аумақтарында жауын-шашын мөлшері климаттық нормадан бірнеше есе артық тіркелді.
Атап айтқанда, Түркістан облысының Жетісай ауданында айлық жауын-шашын көлемі орташа көпжылдық нормадан 15 есе асып түскені белгілі болды.