Басты жаңалықтар

Шымкентте 6,4 шақырым теміржол пайда болды

Редакция 06 қараша 2026, 22:51
Шымкенттегі өндіріс орындарына 6,4 шақырым теміржол тартылды. «Жұлдыз» индустриялық аймағында жаңа теміржол тұйығының құрылысы аяқталды. Ұзындығы 6,4 шақырым болатын теміржол желісі өндіріс орындарының жүк тасымалдау мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған.
Шымкентте 6,4 шақырым теміржол пайда болды Сурет авторы: әлеуметтік желіден алынды

Шымкент қаласы әкімдігінің мәліметінше, жаңа инфрақұрылым индустриялық аймақта орналасқан кәсіпорындарға Текесу станциясы арқылы еліміздің теміржол желісіне тұрақты қосылуға мүмкіндік береді.

Жобаның жүзеге асырылуы өндіріс орындарына қажетті шикізат пен материалдарды жеткізуді жеңілдетіп, дайын өнімді басқа өңірлерге тасымалдау тиімділігін арттырады. Сонымен қатар жүк тасымалына кететін уақыт пен логистикалық шығындарды қысқартуға ықпал етеді.

Қала әкімдігі жаңа теміржол желісі «Жұлдыз» индустриялық аймағының инвестициялық тартымдылығын арттыратынын атап өтті. Бұл өз кезегінде жаңа кәсіпорындардың ашылуына, өндіріс көлемінің ұлғаюына және қаланың өнеркәсіптік әлеуетінің нығаюына қосымша мүмкіндік береді.

Теміржол тұйығының құрылысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту және елдің транзиттік әлеуетін арттыру жөніндегі міндеттер аясында жүзеге асырылды.

Құрылыс жұмыстарын Шымкент қаласының Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының тапсырысымен «INTEGRA Construction KZ» компаниясы жүргізді.

Жоба аясында теміржол құрылысы кезінде бүлінген автомобиль жолдарының асфальт жабыны да қалпына келтірілді.

Осылайша, жаңа теміржол желісі Шымкенттің өндірістік және логистикалық инфрақұрылымын дамытуға, сондай-ақ индустриялық аймақ кәсіпорындарының тасымал мүмкіндіктерін кеңейтуге жағдай жасайды.

Жарнама