29–31 тамызда Қазақстанның басым бөлігінде жаңбыр, найзағай, екпінді жел және бұршақ күтіледі. Кезең соңында солтүстік пен шығыста түнде жаңбыр қарға ұласуы мүмкін, деп хабарлады Қазгидромет.
29 тамызда Ақмола, Қостанай және Қарағанды облыстарында, ал 30–31 тамызда Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарында қатты жаңбыр болжанып отыр. Елдің батысында жауын-шашын болмайды.
Батыс, солтүстік-батыс, солтүстік және шығыс өңірлерде түнде және таңертең тұман түсуі мүмкін.
Солтүстік-батыста, солтүстікте және орталықта ауа температурасы төмендейді. Түнде 0…+5 градус, күндіз +10…+15 градус болады. Кезең соңында кей жерлерде 3 градусқа дейін үсік жүруі мүмкін.
Шығыста да күн салқындайды: түнде +5…+10 градус, күндіз +15…+25 градус болады.
Ал батыста ауа температурасы күндіз +25…+30 градусқа дейін көтеріліп, Маңғыстау облысында +35 градусқа дейін жетеді. Оңтүстікте түнде +10…+20, күндіз +25…+35 градус шамасында болады.