2026 жылдың 6-22 ақпан аралығында Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтетін XXV қысқы Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы сапында 36 спортшы өнер көрсетеді. Биылғы құраманың ерекшелігі – гендерлік теңдік принципі сақталып, 18 ер адам және 18 әйел спортшы іріктелді.
Қазақстан өз тарихында тоғызыншы рет қысқы Олимпиадаға қатысып, 10 спорт түрінен бақ сынайды. Айта кетерлігі, Бейжің-2022 ойындарымен салыстырғанда жолдама саны екіге артқан.
Ақ Олимпиадада ел намысын Пхенчхан-2018 қола жүлдегері Юлия Галышева, шорт-трек шеберлері Абзал Әжғалиев пен Денис Никиша, мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров және фристайлшы Анастасия Городко бастаған майталмандар қорғайды.
36 спортшының тең жартысы - 18 атлет үшін бұл дода алғашқы Олимпиада болмақ. Құраманың ең жас мүшесі - 16 жастағы Асан Асылхан.