Басты жаңалықтар

WhatsApp пен Instagram бұғаттала ма: Депутат Meta-мен келіссөздер қалай жүріп жатқанын айтты

Редакция 18 қараша 2026, 11:59
WhatsApp пен Instagram бұғаттала ма: Депутат Meta-мен келіссөздер қалай жүріп жатқанын айтты Сурет авторы: Серикжан Ковланбаев

Қазақстанда шетелдік технологиялық алпауыттарға қойылатын талаптар қатайып келеді. Егер әлемге әйгілі Meta корпорациясы республика аумағында ресми өкілдігін ашудан бас тартса, ел тұрғындары сүйікті әлеуметтік желілерінен айырылып қалуы мүмкін бе? Бұл сауалға Құрылтай кулуарында өткен брифинг барысында депутат Александр Данилов жауап берді.

Депутаттың айтуынша, егер заңнамада шетелдік платформаларды Қазақстанда ресми өкілдік ашуға міндеттейтін талап бекітілсе, оны орындамаған компанияларға қатысты тиісті заң нормалары қолданылады. Дегенмен халық қалаулысы жағдай бұғаттауға дейін бармайтынына сенім білдірді. Оның сөзінше, әлеуметтік желілердің өзге елдерде кеңсе ашуы – қалыпты әлемдік тәжірибе.

Александр Даниловтың мәліметінше, қазіргі таңда Meta компаниясымен байланыс орнатылған. Заң жобасын талқылау жөніндегі жұмыс тобының отырысында корпорация өкілдерімен онлайн-кездесу өтіп, келіссөздер басталған. Депутат компанияның диалогтан қашпайтынын және бірлескен жұмыс жалғасып жатқанын атап өтті.

Айта кетейік, Құрылтай депутаттары онлайн-платформалар қызметін реттейтін заң жобаларын бірінші оқылымда қарады. Құжаттағы басты жаңалықтардың бірі – ірі интернет-платформаларды Қазақстан аумағында ресми өкілдік ашуға міндеттеу. Сонымен қатар заңсыз контентті өшіру туралы нұсқамаларды орындамаған желілерге әкімшілік жауапкершілік енгізу көзделіп отыр. Дегенмен ұсынылған құжатта әлеуметтік желілерді тікелей бұғаттау туралы нақты норма көрсетілмеген.

Жарнама