Абай облысында жол-көлік оқиғасы салдарынан төрт адам қаза тауып, тағы үш адам түрлі дене жарақатын алды. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қайғылы оқиға 19 ақпанда күндіз Омбы–Майқапшағай тасжолында болған.
– Алдын ала анықталғандай, тасжолдың 867-шақырымында, Жарма ауданы Салқынтөбе ауылы аумағында Lada Priora және Chevrolet Cobalt көліктері соқтығысты. Жол апаты салдарынан төрт адам қаза болды, тағы үш адам жарақаттанды, – деп мәлімдеді полиция департаменті.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оқиғаның нақты мән-жайы анықталуда.