Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбалар мен тұрғындардың шағымынан кейін Тарбағатай ауданына қарасты Байтөғас ауылы маңындағы Зайсан көлінің жағалауы арнайы тексерістен өтті. Жергілікті билік өкілдері мен құзырлы органдар бұл аумақтың санитарлық жағдайын жіті назарға алды. Ауқымды рейдтік шаралар республикалық «Таза Қазақстан» және «Заң мен тәртіп» бастамалары аясында жүзеге асырылды, деп хабарлайды Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі баспасөз қызметі.
Жаз мезгілінде Зайсан көлі жергілікті тұрғындар мен өңір қонақтарының сүйікті демалыс орнына айналады. Адам қарасы көбейгендіктен, бұл аймақта экологиялық тазалық пен өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау басты талаптардың бірі болып отыр. Шара барысында арнайы өкілдер демалушылар мен жергілікті кәсіпкерлерге қоршаған ортаны ластамау, қоқысты уақытылы шығару және қауіпсіздік шараларын сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Тексеру нәтижесінде заң талаптарын елемеген бірқатар азамат жауапкершілікке тартылды. Атап айтқанда, 26 тұлғаға ресми түрде ескерту берілсе, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 505-бабын бұзған 3 азаматқа әкімшілік айыппұл салынды.
Жалаң бақылаумен шектелмей, жағалауды ретке келтіру бойынша бірлескен сенбілік те ұйымдастырылды. Кәсіпкерлер мен ауыл тұрғындары белсене қатысқан тазалық жұмыстары кезінде жағалаудағы жиналған қоқыстар толықтай шығарылып, демалыс аймақтары абаттандырылды.
Бұл бастамалар табиғатқа ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруды және қоғамдық орындарда тәртіпті қамтамасыз етуді көздейді. Өңірдегі су қоймалары мен демалыс орындарының санитарлық жағдайы алдағы уақытта да тұрақты бақылауда болады.