Алматы облысындағы республикалық маңызы бар Алматы – Астана автожолының белгілі бір бөлігі ақылы жүйеге көшеді. Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаровтың бұйрығымен бекітілген бұл жаңалыққа сәйкес, Бурылбайтал – Құрты учаскесінде (1041-1121 шақырымдар аралығы) жол ақысы алынатын болады. 80 шақырымдық жолдың ақылы мерзімі 20 жылға есептелген.
Тарифтер көлік түріне және төлем жасау тәсіліне (алдын ала немесе кейін төлеу) байланысты сараланған:
Жеңіл көліктер: 251 – 290 теңге аралығында.
Ауыр жүк көліктері мен автобустар: көлемі мен түріне қарай 628 теңгеден басталып, 3636 теңгеге дейін жетеді.
Министрлік өкілдері жүргізушілер үшін баламалы тегін жолды да қарастырған. Көлік иелері Сункар – Қаншенгел – Топар – Құйған, Топар – Ақжар, Қонаев – Бақанас – Қараой және Қонаев – Құрты бағыттары арқылы ақылы учаскені айналып өте алады.
Сондай-ақ, аталған аймақтың тұрғындары үшін жеңілдіктер қарастырылған. Олар үшін жылдық абонемент құны 1 АЕК-ті (4325 теңге) құраса, жүк көліктері мен автобустар үшін абонемент бағасы көлік түріне қарай 86 мыңнан 432 мың теңгеге дейін барады.