Алматыда тауға серуендеуге шыққан 18 жастағы студент Нұрислам Ақылбектің мәйіті табылды. Бұл туралы қалалық Төтенше жағдайлар департаменті хабарлады.
Оның денесі 12 шілде күні таңғы сағат 07:30 шамасында 3000 метр биіктен табылды. Жігіт 2 шілде күні тауға кеткеннен кейін үйіне оралмаған. Жоғалғаны туралы хабар 6 шілдеде түскен.
Іздеу жұмыстарына 44 құтқарушы, полиция мен шекара қызметінің мамандары, 109 құтқару қызметі, еріктілер, 8 техника, 3 дрон, 4 иісшіл ит және Төтенше жағдайлар министрлігінің тікұшағы жұмылдырылды. Іздеу операциясы «Аюсай» визит-орталығында құрылған жедел штаб арқылы үйлестірілді.
Құтқарушылар қатты жел мен ауа райының қолайсыздығына қарамастан, іздестіру жұмыстарын тоқтатпай жалғастырған. Қазір оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тиісті сараптамалар тағайындалды.