Армения Үкіметінің бейсенбі күнгі отырысында елдің Еуропалық одаққа қосылуын бастау туралы шешім қабылданды. Бұл туралы "Интерфакс" агенттігі хабарлады.
Армения Премьер-министрі Никол Пашинян елдің ЕО-ға қосылу туралы шешімі тек бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданатынын нақтылады.
"Референдум өткізу туралы шешім қабылдағанға дейін "жол картасын" әзірлеп, оны ЕО-мен талқылау қажет", – деді Пашинян.
Сыртқы істер министрі Арарат Мирзоян Арменияның ЕО-ға жақындасуға дайын екенін атап өтті.
"Армения ЕО мүмкін деп санайтын деңгейге дейін жақындасуға дайын. Мен визалық режимді жеңілдету және басқа да талқыланып жатқан құралдарды айтып отырмын", – деді ол.
Мирзоянның айтуынша, армян халқының еуропалық бағыттағы ұмтылысы бар.