Қазіргі таңда “Астана-Тазалық” ЖШС құрамында 440 арнайы техника бар. Қоғамдық орындарды, жолдар мен көшелерді тазалаумен 2000-нан аса жұмысшы айналысады. Техникалар күндізгі және түнгі ауысымда жұмыс істейді, бір күнде 150-ден аса техника қаланың әр бұрышына шығып, тазалық жұмыстарын жүргізеді.
Жаңа алынған техникалар 24/7 тәртібінде жұмыс істейді. Олардың сыртында ел тарихында өшпес із қалдырған тұлғалардың сөздері жазылған. Бұл тек эстетикалық әрлеу емес, сонымен бірге елорда тұрғындарын ұқыптылық пен жауапкершілікке шақырудың бір жолы.
“Астана-Тазалық” ЖШС өкілі Мусабеков Дастан бұл бастаманың маңызын былайша түсіндірді:
“Биылғы жылы мерейтойы тойланып жатқан қазақ зиялыларының қанатты сөздері арқылы халықты тазалыққа, ұқыптылыққа, қоршаған ортаға деген махаббатқа тәрбиелеу – басты мақсатымыз”.
Қала тұрғындары арасында экологиялық мәдениетті арттыру – Астананың көркі мен сапалы өмір сүру ортасын қалыптастырудағы маңызды қадам. Бұл ретте “Астана-Тазалық” ЖШС-нің атқарып жатқан жұмыстары тек техникалық қызметпен шектеліп қана қоймай, тәрбиелік мәні зор әлеуметтік бастамалармен де толығып келеді.
Сапарғали Қанат