Астана тұрғыны заңсыз жолмен иеленді деп танылған 5 млрд теңгеден астам қаражаты мен мүлкі мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ресми өкілі Данияр Бигайдаров хабарлады.
«Қайтарылған активтер қатарында ірі көлемдегі қолма-қол ақша, зергерлік бұйымдар мен қымбат заттар бар. Тергеу барысында активтердің заңды табыс көзіне сай келмейтіні анықталды. Олардың заңды түрде сатып алынғанына күмән туды», – деді ол.
Бұл шешімді Астананың азаматтық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қабылдаған. Активтерді қайтару Қаржы министрлігі жанындағы активтерді қайтару комитетімен бірлесіп жүргізілген жұмыс нәтижесінде мүмкін болды.