Басты жаңалықтар

Астанада халықаралық экологиялық саммит басталды: Су тапшылығы мен климат мәселесі қалай шешілмек?

Редакция 22 сәуір 2026, 05:43
Астанада халықаралық экологиялық саммит басталды: Су тапшылығы мен климат мәселесі қалай шешілмек?

Бүгін Астана қаласында «Ортақ болашақ үшін ортақ көзқарас» тақырыбындағы Өңірлік экологиялық саммит (RES 2026) ресми түрде ашылды. Халықаралық маңызы бар іс-шара Орталық Азия елдерінің экожүйелерді қорғау, су және жер ресурстарын тиімді пайдалану саласындағы іс-қимылдарын үйлестіруге бағытталған.

Саммитті Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігі БҰҰ және бірқатар халықаралық ұйымдармен серіктестікте ұйымдастырды. Жиынға қатысушылардың деңгейі өте жоғары:

• Мемлекет басшылары: Орталық Азия елдерінің басшылары, Армения, Грузия және Моңғолия Президенттері, Әзербайжан Премьер-министрі.


• Халықаралық ұйымдар: БҰҰ агенттіктерінің (UNDP, FAO, UNECE және т.б.), ЕҚЫҰ, ЭЫДҰ, ТМҰ, ШЫҰ жетекшілері.

• Қаржы институттары: Дүниежүзілік банк, Азия даму банкі және ЕҚДБ өкілдері.

Саммит аясындағы маңызды бастамалардың бірі — БҰҰ жүйесінде Халықаралық су ұйымын құру бойынша консультациялар. Бұл қадам өңірдегі су дипломатиясын жаңа деңгейге көтеруді көздейді.

Форум қорытындысы бойынша 51 құжатқа қол қою жоспарланған. Соның ішінде:

• «Орталық Азияның экологиялық ынтымақтастығы» атты мемлекет басшыларының бірлескен декларациясы;

• БҰҰ агенттіктерімен 2026–2030 жылдарға арналған өңірлік іс-қимыл бағдарламасы;

• 13 меморандум және 6 ірі инвестициялық жоба.

Саммитпен қатар «RES 2026 EXPO» халықаралық жасыл технологиялар көрмесі басталды. Онда 30 елден келген 300-ге жуық компания өз жобаларын ұсынуда. Қазақстанның ұлттық павильонында Аралды қалпына келтіру, Тұран жолбарысы мен ақбөкендер популяциясын сақтау, сондай-ақ «Таза Қазақстан» бағдарламасының нәтижелері көрсетілген.

Сарапшылардың болжамы бойынша, үш күнге созылатын көрмені 20 мыңнан астам адам тамашалайды. Бұл шара Орталық Азияның экологиялық күн тәртібін қалыптастырудағы Қазақстанның жетекші рөлін айғақтайды.

Жарнама