Австралияның Мельбурн қаласында 13 жасар жасөспірім қызға 74 күн ішінде жасалған 109 құқық бұзушылық бойынша айып тағылды. Тергеу мәліметтеріне сүйенсек, кәмелетке толмаған күдікті бұл істерге әлеуметтік желілердегі танымалдылық пен «лайк» жинау мақсатында барған, деп хабарлайдыThe Guardian
Жасөспірімге ауыр дене жарақатын салу қаупін тудырған ұқыпсыз мінез-құлық, ұрлық, автокөлікті айдап кету және үйге заңсыз басып кіру баптары бойынша айыптар тағылып отыр.
Ең ауыр оқиғалардың бірі 30 наурызда тіркелген: күдікті ұрланған автокөлікті тізгіндеп, Мельбурнның оңтүстік-шығысында велосипедшіні әдейі қағуға әрекеттенген. Нәтижесінде 45 жастағы ер адам зардап шеккен.
Полиция жасөспірімнің телефонын тәркілеу барысында оның жасалатын қылмыстарға алдын ала дайындалғанын анықтады. Күдікті интернет желісінен адамды қағып кеткені үшін және басқа да қылмыстар үшін қандай жаза қарастырылғанын іздеген. Сонымен қатар, ол әлеуметтік желілердегі өзі туралы жаңалықтар мен жазбалардың қаралымына ерекше қызығушылық танытып отырған.
Прокурордың мәлімдеуінше, жасөспірім 74 күн бойы күніне орта есеппен 1,45 қылмыс жасаған. Сот отырысында айыпталушының «өзін ештеңе тоқтата алмайтыны» туралы айтқан сөздері келтірілді.
Айта кетейік, Австралия 2025 жылдың желтоқсанында 16 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға ресми түрде тыйым салған әлемдегі алғашқы мемлекет болған еді. Алайда, соңғы сауалнамалар ата-аналардың 31%-ы балаларының әлі де әлеуметтік желілерде аккаунттары бар екенін көрсетіп отыр.
Сот жасөспірімнің «қоғамға төндіретін қаупі жоғары» екенін алға тартып, оны кепілмен босатудан бас тартты. Келесі сот отырысы 4 мамырға белгіленді.