Шымкенттегі “Білім-Инновация” лицейінің 10-сынып оқушысы Арсен Алмасхан қант диабетін бар-жоғы 6 секундта анықтайтын веб-бағдарлама ойлап тапты.
Бағдарлама жүйесіне адамның 8 медициналық параметрі енгізіледі. Жүйе осы деректерді талдап, қант диабетінің бар-жоғын санаулы секундтарда көрсетеді. Егер нәтиже “0” болса – бәрі қалыпты, ал “1” шықса – диабет қаупі бар деген сөз.
Арсенге бұл жобаны жасауға атасы мен қарындасы түрткі болған. Айтуынша, атасы дәрігерге сирек барады, ал қандай да бір белгі байқалса, ақпаратты Google-дан іздеуге тура келеді. Ал қарындасында неврологиялық симптомдар байқалып, нақты диагноз тек 3-4 айдан кейін қойылған.
Сол жағдайлар Арсенді адамдарға уақыт үнемдеуге және ауруды ерте анықтауға көмектесетін жүйе ойлап табуға жетелеген.