Қырғызстанның Бішкек қаласындағы №72 мектептің әжетханасында жоғары сынып оқушылары 8-сынып оқушысы Аннас Айтбаевты ұрып-соққан. Бала ауыр жарақаттан кейін көз жұмды. Бұл туралы 12 ақпанда Жогорку Кенеш депутаты Надира Нарматова мәлімдеді.
Оның айтуынша, оқиға 21 қаңтарда болған. Жасөспірім ауыр жарақат алып, жансақтау бөліміне түскен, алайда дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады. Депутаттың сөзінше, Аннас Айтбаевтың әкесі әділдік сұрап, көмекке жүгінген.
"Бұл жағдайға қатысты милиция қызметкерлері, мектеп директоры және тәрбие ісі жөніндегі орынбасар немқұрайлы қарап жатыр", – деді Нарматова.
Ол оқиғаға қатысты тергеуді қатаң бақылауға алып, тиісті шаралар қабылдауды сұрады.