Қазақстанның Энергетика министрлігі Каспий құбыр консорциумының теңіз терминалы маңында екі танкерге жасалған дрон шабуылына түсініктеме берді.
Министрлік мәліметінше, 30 шілдеде Nissos Sifnos танкеріне ВПУ-3 айлағында мұнай тиеу аяқталып жатқан кезде жүк қабылдау құрылғысы орналасқан тұстан ұшқышсыз ұшу аппараты соққы жасаған. Шабуыл қаупіне байланысты КҚК мұнай тиеуді бұған дейін тоқтатқан.
Мұнай тиеуге кезекте тұрған Marathi танкеріне де теңіз терминалынан 6–7 теңіз милі қашықтықта дрон шабуылдаған.
Алдын ала мәлімет бойынша, екі танкердің экипаж мүшелері арасында зардап шеккендер жоқ. Мұнай теңізге төгілмеген.
Nissos Sifnos танкерінде шыққан өрт КҚК-нің үш сүйреткіш кемесінің көмегімен сөндірілді.