Келесі жылдан бастап халықаралық пән олимпиадаларының жеңімпаздары «Болашақ» халықаралық стипендиясы бойынша шетелге оқуға жіберіледі. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада өткен дарынды оқушыларды марапаттау рәсімінде мәлімдеді.
Президенттің айтуынша, бұл шешім – қабілетті және талантты жастарға жан-жақты қолдау көрсетудің бір тетігі.
– «Болашақ» бағдарламасына кездейсоқ адамдарды қосуға болмайды. Сондықтан келесі жылдан бастап халықаралық олимпиада жеңімпаздарын «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқуға жіберу туралы шешім қабылданды. Біз дарынды әрі талапты жастарды қолдауды жалғастыра береміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының пікірінше, жоба аясында мыңдаған жас азамат әлемнің озық университеттері мен зерттеу орталықтарында білім алды. Бүгінде олардың көбі елімізді өркендетуге мол үлес қосып жатыр.