Елімізде hh.kz сарапшылары 2025 жылдың қорытындысы бойынша елдегі бос жұмыс орындарына талдау жасады. Жалпы алғанда, нарықтағы бос орындар саны 538 мыңнан асып, өткен жылмен салыстырғанда 4,7%-ға сәл төмендеген. Дегенмен ірі мегаполистер әлі де негізгі жұмыс беруші орталықтар болып қалуда.
Қалалар арасында Алматы 200 мыңнан астам вакансиямен көш бастап тұрғанымен, мұнда сұраныс 6,8%-ға азайған. Керісінше, Астана қаласы 120 мың бос орынмен тұрақтылық танытып, аздаған өсім (+0,6%) көрсетті. Ал еліміздің батыс өңірлерінде, атап айтқанда Ақтау (-11,6%) мен Атырауда (-8,9%) вакансиялар санының айтарлықтай қысқаруы байқалады.
Дәстүрлі түрде сату және клиенттерге қызмет көрсету саласы нарықтың ең үлкен үлесін (12,6%) иеленсе де, бұл бағытта белсенділік 3,5%-ға төмендеген. Сондай-ақ сұлулық индустриясы, автобизнес және әкімшілік қызметтерде де сұраныстың азайғаны байқалады.
Төмендеу тенденциясына қарамастан, бірқатар салада жұмыс күшіне деген қажеттілік арта түскен. Олардың қатарында:
- Өндіріс пен сервистік қызмет: +4,6%
- Туризм және қонақ үй бизнесі (HoReCa): +4,6%
- Құрылыс пен жылжымайтын мүлік: +4,1%
- Көлік, логистика және жұмысшы персонал: +2,6% өсім көрсетті.
Бұл деректер нарықтың қызмет көрсетуден көрі көбірек өндірістік, құрылыс және логистикалық бағыттарға қарай бейімделіп жатқанын аңғартады.