Алматылық «Қайрат» Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңінде Кипрдің «Омония» клубын пенальти сериясында жеңіп, жарыстың үшінші іріктеу кезеңіне шықты.
Алматыдағы Орталық стадионда өткен қарымта кездесудің негізгі және қосымша уақыты алаң иелерінің 1:0 есебіндегі жеңісімен аяқталды. Матчтағы жалғыз голды 37-минутта Эдмилсон соқты. Екі ойын қорытындысы бойынша есеп теңескендіктен (1:1), жеңімпаз пенальти сериясында анықталды.
Он бір метрлік айып соққыларында Эдмилсон, Оксанен, Мартынович, Гуаль, Тұяқбаев және Бірқұрманов өз мүмкіндіктерін сәтті пайдаланды. Қақпашы Анарбеков қарсыластың екі соққысын қайтарып, «Қайраттың» 6:5 есебімен жеңіске жетуіне және келесі кезеңге өтуіне үлес қосты.
«Қайрат» бұған дейін бірінші іріктеу кезеңінде Черногорияның «Сутьеска» клубын екі матчтың қорытындысы бойынша 4:1 есебімен жарыс жолынан шығарған болатын. Ал үшінші іріктеу кезеңінде алматылық клуб Болгарияның «Левски» және Румынияның «Университатя Крайова» командалары арасындағы жұптың жеңімпазымен кездеседі.