Қазақстан 2028 жылға қарай негізгі азық-түлік өнімдерін – ет, сүт, жұмыртқа, көкөніс пен ұнды толықтай өз ішінде өндіріп, импортқа тәуелділікті азайтуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Үкіметтегі кеңесте айтылды.
? Егіс алқабы артты
Биыл егістік көлемі 23,6 млн гектарға жетті. Дәнді дақылдар азайғанымен, майлы дақылдар мен картоптың көлемі көбейді. Бұл халықты әлеуметтік маңызы бар өнімдермен көбірек қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
? Мал басы көбейді
2025 жылдың алғашқы жартысында:
-
ірі қара – 8,8 млн басқа жетті (+8,3%),
-
қой мен ешкі – 21,5 млн (+0,8%),
-
жылқы – 4,6 млн (+4,7%),
-
құс – 47,7 млн (+2,7%).
Соның арқасында ет, сүт, жұмыртқа өндірісі де өсті.
? Сүт пен құс еті бойынша жобалар
Соңғы жылдары 17 құс фабрикасы ашылып, елдегі құс етімен қамтамасыз ету деңгейі 67%-дан 79%-ға көтерілді. 2028 жылға дейін тағы 41 фабрика іске қосылып, бұл бағытта толық тәуелсіздікке қол жеткізіледі.
Сүт өндірісінде де серпін бар: қазір 69 сүт фермасы жұмыс істеп тұр, тағы 47-сі салынып жатыр. Барлығы іске қосылған соң жылына қосымша 600 мың тонна сүт өндіріліп, ірімшік пен сүзбе тапшылығы жойылады.
«Қазақстан өзін негізгі азық-түлік өнімдерімен 80–100% және одан да жоғары деңгейде қамтамасыз етіп отыр. Ет, сүт, жұмыртқа, көкөніс, ұн – бұлардың бәрі еліміздің тұрғындарының қажеттілігін толық өтеп жатыр», – деді ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы.
Дегенмен оның айтуынша, құс еті, шұжық, ірімшік, қант және балық бойынша импорт бар.
? Баға мәселесі
Сауда министрлігінің дерегінше, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының өсу қарқыны бәсеңдеген. Шілде айында баға небәрі 0,4%-ға, ал тамыздың алғашқы екі аптасында 0,1%-ға ғана өскен. Кейбір негізгі өнімдер – күнбағыс майы, жұмыртқа, ұн, көкөніс – Қазақстанда ЕАЭО елдерінің ішінде ең арзан болып тұр.