Қазақстанда 1 миллионнан астам қызметкерді жасанды интеллект алмастыруы ықтимал. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің вице-министрі Олжас Анафин Мәжілісте өткен дөңгелек үстелде мәлімдеді.
Оның айтуынша, министрлік автоматтандыру мен жасанды интеллекттің еңбек нарығына ықпалын зерттеген.
"423 мамандық тобына жасалған талдау көрсеткендей, жұмыс орындарының шамамен 25%-ы, яғни 2,2 млн адам орташа және жоғары деңгейде автоматтандыру қаупіне ие. Соның ішінде 1 миллионнан астамын генеративті жасанды интеллект алмастыруы мүмкін", – деді Анафин.
Зерттеу нәтижесіне сәйкес, ең үлкен қауіп Алматы, Астана және Шымкент қалаларына тән. Бұл мегаполистерде автоматтандыру шамамен әрбір үшінші жұмыс орнына әсер етуі ықтимал.
Дегенмен вице-министрдің айтуынша, Қазақстанда еңбек күші құнының салыстырмалы түрде төмен болуы себепті жұмысшыларды толық ығыстыру болмайды.
"Автоматтандыру біртіндеп жүреді. Компаниялар нақты экономикалық пайдасын көрген кезде ғана бұл процеске белсенді кіріседі", – деп атап өтті Олжас Анафин.