Қазақстанда алдағы қыс жылы әрі қарлы болмақ. Бұл туралы «Қазгидромет» 2025 жылғы қараша – 2026 жылғы наурыз аралығына арналған маусымдық ауа райы болжамында хабарлады.
Қарашада
Еліміздің көп бөлігінде жауын-шашын негізінен қар түрінде түседі, ал оңтүстікте және оңтүстік-батыста жаңбыр мен қар аралас болуы мүмкін. Солтүстік, орталық және шығыс өңірлерде боран, көктайғақ пен тұман жиілейді.
Ай бойы ауа температурасы құбылып тұрады:
-
солтүстік, орталық және шығыста түнде +5 пен -20 градус, күндіз +10 мен -15 градус аралығында;
-
оңтүстікте және оңтүстік-батыста түнде -3 пен +7 градус, күндіз +1 мен +18 градус шамасында.
Қарашада орташа температура көпжылдық нормадан бір градусқа жоғары болады деп күтіледі. Жауын-шашын мөлшері негізінен нормаға сай, ал батыс пен солтүстік-шығыста сәл көбірек болады.
Қыс мезгілі
Жалпы алғанда, 2025–2026 жылғы қыс біршама жылы әрі қалыпты өтеді деп болжанып отыр. Ауа райы құбылмалы: кей кезеңдерде боран, көктайғақ, қатты жел және тұман жиілеуі мүмкін.
Желтоқсанда
Елдің көп бөлігінде температура нормаға жақын, солтүстік-батыста бір градусқа жоғары, ал қиыр солтүстік-шығыста бір градусқа төмен болады.
Жауын-шашын мөлшері:
-
елдің басым бөлігінде – нормаға жуық,
-
орталықта және шығыстың көп бөлігінде – нормадан аз,
-
оңтүстік облыстардың солтүстігінде де – аздау болады.
Қаңтарда
Температура көп өңірде нормаға жуық, ал шығыста бір градусқа төмен болады.
Жауын-шашын:
-
республика бойынша – норма шамасында,
-
ал оңтүстік пен оңтүстік-шығыстың тау және тау бөктері аймақтарында – нормадан көп түседі.
Ақпанда
Барлық өңірде орташа температура нормадан 1–2 градусқа жоғары болады. Жауын-шашын мөлшері – климаттық норма деңгейінде.
Наурызда
Еліміздің барлық өңірінде ауа температурасы орташа есеппен бір градусқа жоғары болады деп күтіледі.
Жауын-шашын мөлшері:
-
елдің басым бөлігінде – нормаға сай,
-
оңтүстік пен оңтүстік-шығыстың тау бөктерінде – нормадан көп,
-
ал батыс өңірлерде – аздау болады.
Синоптиктердің айтуынша, алдағы қыс қатты аязсыз, бірақ қар мен тұман жиі болатын тыныш әрі жылы кезең болмақ.