Қазақстанда Халық Кеңесі қыркүйектің екінші жартысында жасақталады. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтайдың алғашқы сессиясында мәлімдеді.
Мемлекет басшысының айтуынша, Халық Кеңесі Қазақстан тарихындағы тұңғыш жоғары консультативтік орган болады. Оған заңнамалық бастама көтеру құқығы беріледі.
«Еліміздің этникалық, аймақтық, әлеуметтік, қоғамдық-саяси ерекшеліктерін бір арнаға тоғыстыратын жаңа құрылым заңнамалық бастама көтеру құқығына ие болады. Шын мәнінде, бұл – бірегей орган», – деді Тоқаев.
Президент Халық Кеңесінің құрылуын елдегі негізгі билік институттарын жаңғырту үдерісінің бір бөлігі ретінде атады. Оның сөзінше, бұл өзгерістер алдағы реформаларға тың серпін беруге тиіс.