Парламент Мәжілісі атқарушылық іс жүргізуді жетілдіруге бағытталған заң жобасын мақұлдады. Құжатқа сәйкес, енді азаматтарды тұрғын үйден шығарудан кемінде 10 күн бұрын міндетті түрде хабарлау енгізіледі.
Мәжілістің мәліметінше, бұл норма борышкерлерге алдын ала дайындалып, басқа баспана табуға мүмкіндік береді. Хабарлама көшіру күніне дейін 10 күн бұрын жіберілуі тиіс.
Заң жобасында жеке сот орындаушыларына қойылатын талаптар да күшейтілген. Атап айтқанда, оларды міндетті түрде қайта аттестаттау енгізіледі. Аттестаттаудан өте алмаған жағдайда лицензиясынан айыру қарастырылған.
Сонымен қатар көмекшілер мен тағылымгерлерге де талаптар қатаңдатылады. Соңғы үш жыл ішінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары үшін жауапқа тартылған адамдарды бұл қызметке жіберуге тыйым салынады.