Қазақстанда салынуы жоспарланған үшінші атом электр станциясының құрылысын Қытай тарапы жүзеге асыруы ықтимал. Бұл туралы Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Үкіметтегі брифинг барысында мәлімдеді.
Оның айтуынша, қазіргі таңда екінші және үшінші АЭС-тердің орналасатын жерлерін анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл міндетпен Қазақстанның Атом энергетикасы агенттігі мен «Қазақстан атом электр желілері» ЖШС айналысуда.
"Аталған жұмыс биыл аяқталуы тиіс", – деді Скляр.
Журналистер «екінші АЭС-ті салуға ұсынылған қытайлық компания үшінші станцияны да салуы мүмкін бе?» деп сұрады.
"Иә, менің ойымша, солай болады", – деп жауап берді бірінші вице-премьер.