Шымкент қаласындағы Білім-инновация лицейінің (БИЛ) 11-сынып оқушысы Бейбарыс халықаралық SAT емтиханында әлемнің ең жоғары нәтижесін көрсеткен түлектердің қатарына енді. Ол 1600 ұпайдың 1580-ін жинап, бүкіл әлемдегі қатысушылардың 99,9 пайызынан жоғары көрсеткішке қол жеткізді.
Бұл туралы nFactorial Admissions білім беру бағдарламасының өкілдері хабарлады.
Бейбарыс SAT сынағына төрт ай бойы дайындалған. Оның нәтижесі бойынша математикадан – 780, ал ағылшын тілінен (оқу және жазу) – 800 балл жинаған.
«SAT – АҚШ пен өзге елдердің үздік университеттеріне түсуге арналған халықаралық стандартталған емтихан. Мұндай жоғары ұпайды әлем бойынша 0,1% ғана қатысушы ала алады», – дейді nFactorial өкілдері.
Жоғары нәтижесінің арқасында Бейбарыстың алдында Гарвард, Йель, Принстон, MIT, Стэнфорд, Пенсильвания, Колумбия және Корнелл секілді әлемнің үздік оқу орындарының есігі айқара ашылды.
Мамандардың пікірінше, Бейбарыстың жетістігі – қазақстандық оқушылардың халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті екенін дәлелдейді.