Қаржылық мониторинг агенттігі Қазақстаннан Қырғызстанға заңсыз жолмен бензин тасымалдамақ болған ұйымдасқан топты әшкереледі.
Тергеу мәліметтері бойынша, қылмыстық топ АИ-92 маркалы бензинін еріткіш және дистиллят ретінде рәсімдеп, жалған құжаттар арқылы шекарадан шығарған. Оперативті іс-шаралар барысында "Түрксіб" станциясында Қара Май ОйЛ шағын мұнай өңдеу зауытынан тиелген сегіз цистерна (500 тоннаға жуық бензин) тәркіленді.
2023-2024 жылдары аталған зауыттан 102 мың тоннадан астам бензин экспортталған. Қылмыстық топтың заңсыз айналымдағы табысы 15,5 млрд теңгеден асқан.
Қазіргі таңда үш күдіктіге халықаралық іздеу жарияланды:
- Попов Алексей Александрович, 27.04.1987 ж., Қазақстан азаматы, Тараз қаласының тумасы, сотталмаған;
- Ибраимов Рахымжан Маматұлы, 29.01.1996 ж., Қазақстан азаматы, Өзбекстанның Чартак қаласының тумасы, сотталмаған;
- Сағындықов Серік Ерланұлы, 29.07.1987 ж., Қазақстан азаматы, Жамбыл облысының тумасы, сотталмаған.
ҚМА күдіктілер туралы ақпарат білетін азаматтарды +7-727-279-20-86 нөміріне хабарласуға шақырады. Ақпарат бергендер жайлы мәлімет ешқайда тарамайды, сондай-ақ сыйақы беріледі.