Қырғызстандағы Ош облысы Ноокат ауданында болған селден қаза тапқандардың ішінде Шығыс Қазақстанның 4 баласы бар.
Қайғылы оқиға болған күні екі ұл мен екі қыз аналарымен туыстарына қонаққа барған. Туристік аймақта жүрген сел олардың өмірін қиып кетті.
ШҚО әкімдігінің хабарлауынша, бүгін қаза тапқандардың денесін Өскеменге арнайы бортпен жеткізді. Шығыс Қазақстан облысының әкімдігінде балалардың туыстарына көмек көрсету үшін жедел штаб құрылып, оған өңірдің барлық қызметтерінің мамандары жұмылдырылды.
Өңір басшысы Ермек Көшербаев қаза тапқандардың туыстарымен кездесті. Осы қиын күндерде жергілікті атқарушы органдар мен «Халифа Алтай» мешітінің қызметкерлері жерлеу рәсімін ұйымдастып, өткізуді өз мойындарына алды. Өңірдің кәсіпорындары мен бизнес өкілдері отбасыларға көмек көрсетуге дайын екендерін білдірді.