Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ерлан Көшербаевқа жолдаған депутаттық сауалында жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен зорлық-зомбылықтың өршуіне алаңдаушылық білдірді.
Оның айтуынша, соңғы екі жылдың өзінде балалардың қауіпсіздігі мен құқығын қорғауға бағытталған заңдар мен бағдарламалар қабылданғанымен, ахуал әлі де күрделі.
? Жамбыл облысындағы оқиғалар:
– Таразда 9-сынып оқушысы қатарласымен төбелесіп, мектеп әжетханасында қаза тапты.
– Шу ауданында футбол ойыны кезінде туған жанжал салдарынан 10-сынып оқушысы көз жұмды.
– Колледжге енді түскен студент өз қатарласын пышақтап өлтірді.
15 күннің ішінде бір өңірде үш бірдей жасөспірімнің қаза табуы – дабыл қақтырған жағдай.
? Ресми статистика:
– 2024 жылы кәмелетке толмағандардың қатысуымен 1 973 қылмыс тіркелген, оның ішінде 130-ы аса ауыр.
– 2025 жылдың алғашқы сегіз айында 938 қылмыс тіркелді.
– Көрсеткіш әсіресе Шымкент, Алматы және Астанада жоғары.
? Депутат атап өткен негізгі мәселелер:
– Мектептегі тәрбие жұмысының қағаз жүзінде қалуы;
– Жасөспірімдердің эмоциясын басқара алмауы және психологтардың жетіспеуі;
– Ювеналды полиция мен комиссиялардың формалды жұмыс істеуі;
– Ата-аналардың баласының тәрбиесіне жеткілікті көңіл бөлмеуі;
– Смартфондардың балалар психологиясына теріс ықпалы.
? Ұсынылған шаралар:
-
Барлық мектепте антибуллинг бағдарламасын енгізу;
-
Әр мектепте психологиялық көмек қызметін күшейту, балаларға эмоцияны басқару дағдыларын үйрету;
-
Спорттық және мәдени шаралар арқылы оқушылар арасында достық пен құрметті нығайту;
-
Мектептерде смартфон пайдалануға шектеу қою.