Астанадағы Әлімхан Ермеков атындағы №38 мектеп-лицейінде жасанды интеллект негізіндегі әлеуметтік платформа іске қосылды. Бұл жобаны информатика пәнінің мұғалімі Нұрхат Плалов жасап шығарған, деп хабарлайды Астана әкімдігі.
Жүйе небәрі бір минуттың ішінде оқушылардың көңіл-күйі мен сабаққа дайындығын анықтайды. Сонымен қатар сыныптағы жалпы психологиялық ахуалды талдап, мұғалімге сабақты балалардың жай-күйіне қарай бейімдеп өткізуге көмектеседі.
Әзірлеушінің айтуынша, жобаның басты мақсаты - оқушылардың эмоционалды жағдайына назар аудару арқылы оқуға деген қызығушылығын арттыру және мұғалім мен бала арасындағы байланысты жақсарту.