Астанада Назарбаев университетінің 22 жастағы студенті көз жұмды. Бұл туралы оқу орнының әкімшілігі хабарлап, марқұмның туған-туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтты.
Университеттің мәліметінше, қайғылы оқиға кампус аумағында болған.
«Барлық қажетті шара жедел қабылданды: төтенше қызметтер мен құқық қорғау органдары шақырылды, сондай-ақ психологиялық қолдау көрсетіліп жатыр. Университет үшін ең басты басымдық – қауымдастық мүшелерінің қауіпсіздігі мен психологиялық амандығы», – делінген ресми хабарламада.
Астана қалалық полиция департаменті аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Ведомствоның ақпаратына сәйкес, студент қыз жатақхананың 12-қабатынан құлаған.
«Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады полиция.