Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданындағы бір мектепте жасөспірімнің өз-өзіне қол жұмсауынан кейін мектеп директоры, оның орынбасары және психологқа қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды, деп хабарлады «Мой Город».
Облыс прокурорының орынбасары Азамат Құстановтың айтуынша, оқушы жазғы сауалнамада өз-өзіне қол жұмсау ниеті бар екенін ашық көрсеткен. Алайда мектеп психологы бұл ақпаратты басшылыққа жеткізбеген және тиісті шара қолданбаған.
"Бұл – көз жұма қараудың нақты мысалы. Баланың өз ниетін ашық жазғанына қарамастан, психолог оны сол күйі жалғыз қалдырған. Мектеп әкімшілігі де хабарсыз қалған. Соның салдарынан жасөспірім өз-өзіне қол жұмсады. Қазір директор, оның орынбасары және психологқа қатысты тергеу басталды", – деді Құстанов.
Прокурордың орынбасарының айтуынша, облыстағы балалар арасындағы суицид көрсеткіші 27%-ға өскен. Ол мұндай қайғылы жағдайлардың бір себебі – жауапты тұлғалардың немқұрайдылығы екенін атап өтті.
"Бұл тек бір мектептің мәселесі емес. Мұндай жағдайлар үшін білім басқармасы мен оның құрылымдық бөлімшелері де жауап беруі тиіс", – деді ол.
Қадағалау органдарының мәліметінше, Батыс Қазақстан облысы республика бойынша балалар суициді жиі тіркелетін өңірлердің бірі болып отыр.