«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов қорда 650 адам қысқартылатынын хабарлады, деп жазады Juzmedia.kz.
Астана қаласындағы қордағы жалпы қызметкерлер саны 6 500 адам болса, оның 650-і қысқартылатын болады. Жақыповтың айтуынша, оңтайландыру тек әкімшілік және басқарушылық блокқа қатысты болады, өндірістік бөлім қызметкерлеріне бұл әсер етпейді.
«Әкімшілік-басқару қызметкерлерінің саны 10 пайызға қысқарады. Барлық корпоративтік шешім қабылданды. Еңбек заңнамасын сақтай отырып, наурыз айының соңына дейін бұл шараны толық жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз», - деді ол Ақордада.
Айта кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық компаниялар басшыларымен кеңейтілген отырыста олардың құрылымы мен жұмыс тәсілдерін қайта қарауды міндеттеген болатын.