Қаңтар айының соңында Қазақстанда Конституцияның түзетулер мен өзгерістер енгізілген жаңа үлгісі жарияланды. Қоғамның ерекше назарын аударған басты жаңалық – мемлекеттік тіл мен орыс тілінің қолданылу мәртебесіне қатысты 9-баптың жаңа редакциясы болды.
«Тең» емес, «қатар»: Заңдық ұғымдардың айырмашылығы
Конституциялық Сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұхановтың айтуынша, жаңа редакция мемлекеттік тілдің мәртебесін нақтылауға бағытталған. Атап айтқанда, 9-баптың 2-тармағындағы «тең» (равно) сөзі қазақ тіліндегі нұсқада «қатар» (наряду) сөзіне ауыстырылмақ.
Жаңартылған баптың жобасы:
«Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі қазақ тілімен қатар қолданылады».
Депутат түсініктемесі
Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева бұл формуланың мәнін былай түсіндірді:
«Тең қолданылады деген – бірдей қолданылады деген сөз. Олардың ешқандай айырмашылығы жоқ. Мысалы, екі бармақ тең. Қатар деген – бірінші, екінші, үшінші дегенді бәріміз білеміз ғой. Сондықтан мемлекеттік тіл – бірінші, қалғанының бәрі бірінші, екінші, үшінші», – деді депутат.
С. Имашева елімізде барлық қызмет бірінші кезекте қазақ тілінде көрсетілуі тиіс екенін, ал орыс тілі тек азамат мемлекеттік тілді білмеген жағдайда ғана қолданылатынын қадап айтты.