Батыс Қазақстан облысында үш автокөліктің қатысуымен болған жол-көлік оқиғасы екі адамның өмірін қиды. Қайғылы оқиға 15 маусым күні сағат 18:50 шамасында Теректі–Ақсай тасжолының 52-шақырымында тіркелген.
Облыстық полиция департаментінің алдын ала мәліметіне сәйкес, 1973 жылы туған жүргізуші басқарған Toyota Prado көлігі қарсы қозғалыс жолағына шығып кеткен. Соның салдарынан ол Volkswagen Tiguan автокөлігімен соқтығысқан. Соққыдан кейін Toyota Prado Toyota Land Cruiser 200 көлігіне де соғылған.
Қайғылы оқиға нәтижесінде Toyota Prado көлігіндегі 1971 және 1974 жылы туған әйелдер оқиға орнында мерт болды. Бұдан бөлек, бірнеше адам жарақат алып, дәрігерлердің бақылауына алынды.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары жол-көлік оқиғасының барлық мән-жайын анықтап жатыр.