Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдыны қабылдады. Кездесу барысында қала әкімінің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және алдағы жоспарлары баяндалды.
Әкімнің айтуынша, 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында қысқамерзімді экономикалық индикатор 11%-ға өсті, ал негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 25,4%-ға артты.
Дархан Сатыбалды қаланың орталық бөлігіне түсетін жүктемені азайту, инфрақұрылымды теңгерімді бөлу және жайлы орта қалыптастыру үшін жүргізіліп жатқан полицентристік даму жұмыстары туралы айтты. Сондай-ақ аудандар арасындағы тиімді байланысты қамтамасыз ететін және қоғамдық көлік қызметін жақсартатын жаңа көлік жүйесін құру мәселесіне тоқталды.
Президенттің тапсырмалары
Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар нақты тапсырма берді:
-
Шаһардың жоғарғы бөлігінде көппәтерлі тұрғын үйлер салуға және аумақты тарылтатын құрылысқа мораторий енгізу. Бұл шектеу Бас жоспардағы әлеуметтік нысандар мен туристік кластер жобаларына қатысты емес.
-
Бас жоспарға табиғи ортаны қорғау шараларын күшейту, қаланы жүйелі дамыту және тау бөктерінде бей-берекет құрылыстың алдын алу мақсатындағы өзгерістерді уақыт оздырмай енгізу.