Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясы Президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесті. Бұл жөнінде Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Әңгімелесу барысында мемлекеттер басшылары Қазақстан мен Ресей арасындағы сан қырлы ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен алдағы даму перспективасын достық және өзара сенім рухында талқылады.
Тараптар жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтардың дәйекті түрде жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Сонымен қатар мәдени-гуманитарлық байланыстарды тереңдету жұмыстарына оң баға беріліп, бірлескен ғылыми-білім беру бастамаларын ілгерілетудің маңызы айтылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинді Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырғанын тағы да растады.
Сондай-ақ тараптар халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.