Алматылықтар әлі салынбаған әрі салуға рұқсаты жоқ үйлерге ақша салған. ЖШС директоры сотталды, деп хабарлайды қалалық прокуратура.
2022 жылы «Flora City Stroy» ЖШС директоры әлі салынбаған «Lantana» және «Flora» тұрғын үй кешендерін белсенді түрде жарнамалай бастаған. Ол үлескерлерден ақша жинап, алдын ала сатып алу-сату келісімдерін жасады. Алайда компанияның үй салуға рұқсаты болмаған.
Алаяқ 290 млн теңге мөлшеріндегі 34 үлескердің ақшасын иемденген.
"Бостандық аудандық сотының 21.06.2024 жылғы үкімімен «К» азаматы ҚР ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағымен (аса ірі мөлшердегі алаяқтық) кінәлі деп танылып, 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды", – делінген прокуратура хабарламасында.
Алынған учаскелер жәбірленушілердің залалын өтеу үшін сатылатын болады.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.